Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот Қызылордадағы жеке көмекшілердің еңбегіне ақы төлеу тәртібі туралы дауды түйіндеді: олардың сыйақысына 1,3 экологиялық коэффициент қолданылатын болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ агенттігінің «Кассациялық соттардың өзекті жаңалықтары» Telegram-арнасына сілтеме жасай отырып хабарлауынша, кассациялық саты төменгі соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Оларға сәйкес, Қызылорданың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үш жеке көмекшінің қызметіне ақы төлеуді қайта есептеуге міндетті.
2022 жылдың қаңтарынан бастап талап қоюшылар жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші ретінде қызмет көрсетті. Жұмыс тәулігіне 8 сағат, айына 240-тан 248 сағатқа дейін, жыл бойы үздіксіз жүргізілді, көмекшілер ай сайын атқарылған жұмысы үшін сыйақы алып отырды. Сонымен қатар, олардың табысынан міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары ұсталып, аударылып отырды.
Талап қоюшылар экологиялық жағдайы қолайсыз аймақта тұратындықтарына байланысты өз қызметтеріне ақы төлеуге 1,3 коэффициентін қолдануды сұрады. Алайда жергілікті атқарушы орган олардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар талап қоюшылардың талаптарын қанағаттандырды. Жауапкер сот актілерін жоюды сұрап, кассациялық шағым берді. Кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымдарымен келісті.
Сот «Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес Қызылорда экологиялық дағдарыс аймағына жататынын атап өтті. Аталған Заңға сәйкес, осы аумақта тұратын халыққа экологиялық жағдайы қолайсыз аймақта тұруына байланысты еңбегіне ақы төлеу кезінде 1,3 коэффициенті белгіленеді.
Кассациялық сот талап қоюшылар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы қатынастар азаматтық-құқықтық шарт негізінде ресми ресімделгеніне қарамастан, іс жүзінде олардың арасында еңбек қатынастарының белгілері болғанын анықтады. Атап айтқанда, жеке көмекшілер тұрақты негізде белгіленген тәртіппен жұмыс атқарды, тәулігіне 8 сағат қызмет көрсетті, демалыссыз жұмыс істеді және ай сайын көрсетілген қызметтері үшін жүйелі түрде сыйақы алып отырды. Сонымен қатар, олардың басқа жерде жұмыс істеу мүмкіндігі шектелді.
Сот Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартының негізгі белгілері жұмысты жеке өзі атқару, еңбек тәртібіне бағыну және еңбегі үшін сыйақы алу болып табылатынын көрсетті. Аталған белгілердің болуы тараптар арасындағы қатынастардың нақты сипатын айқындау кезінде ескерілуге тиіс.
Бұдан басқа, жеке көмекшілер үшін міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын есептеу және аудару олардың еңбегіне ақы төленгенін және еңбек қатынастарының бар екенін растайтын мән-жай ретінде бағаланды.
Осыған байланысты кассациялық сот 1,3 коэффициенті жеке көмекшілерге төленетін кепілдендірілген сомаға да қолданылуға тиіс деген қорытындыға келді.


