Жоғарғы Горельник маңындағы Кіші Алматы өзеніне кәріз суы ағызылды деген ақпарат расталмады. Тексеруді Алматы туризм басқармасы жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тексеруге қазақстандықтың Threads әлеуметтік желісінде жариялаған шағымы себеп болды. sergey_eps деген пайдаланушы Жоғарғы Горельниктен «Медеу» мұз айдынына дейін түсіп келе жатып, ішіндегі лас су тікелей өзенге құйылып жатқан құбырды байқағанын жазды.

«Қоршаудың бойымен түсіп келе жатып, жарылған гофрлі ағынды құбырды көрдім, одан лас су тікелей өзенге ағып жатыр. Сасық иіс шығып тұр», — делінген жарияланымда.

Ер адамның шағымына Алматы туризм басқармасы жауап берді. Жарияланым астындағы пікірлерде Жоғарғы Горельник маңындағы Кіші Алматы өзеніне кәріз суы ағызылды деген мәлімет расталмағаны хабарланды.

«Тексеру барысында фотосуретте көрсетілген гофрлі құрылым кәріз құбыры емес, кабельді қорғайтын гофра екені анықталды. Фото мен видеода түсірілген су табиғи көзден шыққан», — деп түсіндірді басқармада.

Тексеру кезінде ағынды су жіберілгені анықталмағаны, қалалық кәріз желілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді.