2024 жылдың сәуір айында Шымкент әуежайында FlyArystam әуекомпаниясының Алматыдан ұшып келген ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағына кірген жабайы жануарды қағып кетті. Оқиға №55652 әскери бөлімінің жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршаудың тиісті деңгейде болмауынан орын алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бастапқыда ұшақ итті қағып кеткені хабарланды, алайда жүргізілген тергеу жануардың жабайы — болжам бойынша шақал екенін көрсетті. Соқтығысу салдарынан әуе кемесінің бөлшектері зақымданды.
«Комиссия авиациялық оқиғаның себебі — №55652 әскери бөлімінің жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршаудың бүтіндігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі деген қорытындыға келді. Тергеу нәтижесінде жабайы жануардың (болжам бойынша шақалдың) ұшу алаңына кедергісіз кіріп кетуіне мүмкіндік берген тесіктер анықталды. Оның қозғалу бағыты солтүстіктен оңтүстікке қарай болды. Бұл оқиғаға жол бергені үшін жауапкершілік әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына жүктелді», — деп хабарлады «Шымкент Әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алик Ганеев.
Әскерилерге өз жауапкершілік аймағындағы қоршауды қауіпсіздік талаптарына сай келтіру, жануарлар мен бөгде адамдардың аэродром аумағына кіруіне жол бермеу ұсынылды.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі №55652 әскери бөлімінің жауапкершілік аймағындағы қоршаудың бір бөлігі күзет жарығы, бейнебақылау жүйесі және қазуға қарсы құрылғының болмауы тұрғысынан авиациялық қауіпсіздік талаптарына сай келмегенін атап өтті. Ескертулер әлі күнге дейін жойылмаған, оның себептері объективті, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қаржыландыру мәселелері де бар. Сонымен бірге ведомствода Шымкент әуежайының жауапкершілік аймағындағы периметрлік қоршаудың жарамды күйде екендігін, анықталған тесіктердің жабылғанын айтты.


