Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің бұрынғы ректоры Ғани Нығыметов Қазақстанның ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметіне тағайындалды. Тиісті қаулыға Үкімет қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Нығыметов Ғани Сақтағанұлы ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметіне тағайындалды», — делінген Үкімет сайтындағы хабарламада.
Ғани Нығыметов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Монтерей халықаралық зерттеулер институтын (АҚШ) және Nazarbayev University-ді бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан жастар конгресінде бастады. 2007–2009 жылдары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы» АҚ мемлекеттік басқару департаментінде сарапшы-талдаушы және жоба менеджері болып жұмыс істеді.
2009–2012 жылдары «Назарбаев Университеті» АҚ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды. 2012–2013 жылдары «Энергетикалық зерттеулер орталығы» ЖМ даму жөніндегі бас директорының орынбасары — ғылым жөніндегі орталық кеңсенің директоры, сондай-ақ «Nazarbayev University Research & Innovation System» ЖМ бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры болды.
2013–2016 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ны басқарды. 2016–2017 жылдары «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС атқарушы директоры, 2017–2018 жылдары «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.
2018–2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі болды. 2020–2022 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2023–2024 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты басшысының орынбасары.
2024 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін Ғани Нығыметов «Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» КеАҚ ректоры қызметін атқарды.


