Ақтөбеде 16 қарашада болған шулы қылмыстың құрбаны жергілікті кәсіпкер — жанармай құю станциялары желісінің директоры болуы мүмкін. infohub.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлағандай, таңертең ерте өз үйінде 49 жастағы Айболат Жисов атып өлтірілді. Ол қалада белгілі жанармай құю станциялары желісін басқарған.
Көршілері атыс дыбысын естігенін айтады. «Шамамен 7:30-дар шамасында, 7:40-та үш рет тарсыл естідім. Бірақ атыс екенін түсінбедім, өйткені қараңғы еді. Көршілеріміз тағы да отшашу атып жатқан жоқ па деп ойладым. Кейін жұмысқа келгенімде, біраз уақыттан соң әпкем хабарласып, көршімізді атып өлтіріпті деді», — дейді Ақтөбе тұрғыны.
КТК тілшісі оқиға орнынан хабарлағандай, қылмыс болған деп болжанған үй қаланың ең жабық әрі беделді шағын аудандарының бірінде орналасқан. Таңертең ертеден бастап бұл аудан полициямен қоршалған.
Қоршау алынған соң үйге көліктер келе бастады. Бұл — көңіл айтуға келген туыстары деп хабарланады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде ер адам атып өлтірілгені хабарланған болатын. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктінің жеке басын анықтауға және ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізіп жатқанын мәлімдеді.


