Қазақстан Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы туралы заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге қатысты тараған қате түсініктерді жоққа шығарып, жүргізушілер үшін ешқандай қосымша бюрократиялық рәсімдер енгізілмейтінін, керісінше, көптеген процестер сандық дерек алмасу арқылы жеңілдейтінін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Ең өзекті мәселелердің бірі – міндетті медициналық тексеру. Ведомствода бұл талаптың жаңалық емес екенін, ол 2014 жылы «Жол қозғалысы туралы» Заң күшіне енгеннен бері қолданылып келе жатқанын түсіндірді. Енді Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында ақпараттық жүйелердің интеграциясы жолға қойылды, соның арқасында жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер автоматты түрде берілетін болады.
«Жүргізушілердің медициналық тексеруден өту нормасы жаңа емес. Ол 2014 жылдан бастап „Жол қозғалысы туралы" Заң күшіне енгеннен бері қолданылып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында дерекқорлар интеграциясы жүргізілді», — деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Күрәләй Карина.
65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты жағдай жеке түсіндірілді. Оларға екі жылда бір рет стандартты жүргізушілік медициналық тексеруден өту жеткілікті. Осыдан кейін ақпарат ІІМ жүйесінде автоматты түрде көрініс табады. Қосымша анықтамалар, мекемелерге жүгіну немесе полицияға жеке хабарлаудың қажеті жоқ.
«Ешқандай жаңа бюрократиялық рәсімдер енгізілмейді. Барлығы барынша қарапайым, ыңғайлы және жүргізушілерге еш қиындық тудырмайды», — деп атап өтті ІІМ өкілі.
Ведомство сондай-ақ әлеуметтік желілердің пайдаланушылары мен ақпараттық алаңдардың иелеріне ақпаратты жарияламас бұрын тексеруді сұрап, азаматтарды жаңылыстыратын жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті.


