Жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) желісін тарту кезінде Алматыда жұмысшылар асфальт астында ондаған жылдар бойы жасырылған трамвай рельстерін тапты. Журналист әрі өлкетанушы Константин Козлов бұл олжаны байқап, хабарлаған, деп хабарлайды infohub.kz.
Козловтың айтуынша, рельстер Төле би көшесінің Желтоқсан мен Абылай хан көшелері аралығында орналасқан. 1930-шы жылдардан 1960-шы жылдарға дейін бұл жерде трамвай желісі болған. «Бұл – нағыз тарихи артефакт. Қанша жыл бойы асфальт пен топырақ астында жатты», – деп атап өтті өлкетанушы. Ол сөзін растау үшін осы учаскеде трамвайлар жүрген мұрағаттық суреттерді де келтірді.
Жарияланған кадрлардан жол төсемі алынғаннан кейін ескі рельстердің көрінгені байқалады. Алайда, автордың айтуынша, 15 шілде күні түске таман оларды бөлшектеген.
Бұл олжа әлеуметтік желілерде қызу реакция тудырды. Алматылықтар қаланың бұрынғы трамвай желісін еске алып, кейбіреулер рельстерді тарихтың бір бөлігі ретінде сақтап қалуды ұсынды. «Бұл ескі рельстер өте берік қорытпадан жасалған», «Өткен жоғары дамыған өркениеттің артефактілері», «Қанша самурай қылышын жасауға болады», «Оларды балқытып, жаңа рельс деп береді. Ал бюджеттен ақшаны қалтаға басады», – деп жазады пайдаланушылар.
Бұған дейін Алматы билігі ЛРТ-тің бірінші желісін 2027 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Ал бастапқыда жоба 2029 жылдың екінші тоқсанына ғана жоспарланған еді.


