Қазақстандық спортшы, қостанайлық Жания Бекмухамбетова Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан WTT Youth Contender Tashkent II халықаралық үстел теннисі турнирінде жеңіске жетті. 13 жасқа дейінгі санатта ол барлық кездесулерде жеңіліссіз өтіп, алтын медальді иеленді, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының мәліметінше, Жания Бекмухамбетова бапкер Юлия Даниярованың жетекшілігімен турнирді сенімді түрде өткізіп, қатарынан жеті жеңіске қол жеткізді. Чемпион атағына дейінгі жолда ол төрт өзбекстандық, екі үндістандық және бір түрікменстандық қарсыласты тізе бүктіріп, жоғары деңгейдегі дайындығы мен шеберлігін дәлелдеді.

WTT Youth Contender Tashkent II турниріндегі бұл жеңіс қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы тағы бір табысты өнері болып, Қазақстан құрамасына үстел теннисінен беделді жастар турнирінің алтын медалін әкелді.