Дакардағы (Сенегал) жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында Қазақстанның бокс құрамасы қоржынын екі күміс жүлдемен толықтырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

70 кило салмақ дәрежесіндегі финалда Бибарыс Аширбай Ұлыбритания өкілі Майкл Моэнмен жұдырықтасты. Британдық боксшы бірінші раундтан басымдықты қолға алып, үш раунд қорытындысында төрешілердің бөлінген шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір күміс жүлдені Қазақстанға 57 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ақнұр Тұрсынғали әкелді. Шешуші жекпе-жекте қазақстандық спортшы Бразилия өкілі Сара Кампоспен кездесті.

Тұрсынғали бірінші раундта басым түсті, алайда келесі екі раундта қарсыласы бастаманы өз қолына алды. Нәтижесінде бразилиялық спортшы 4:1 есебімен жеңіске жетіп, қазақстандық спортшы турнирді екінші орынмен аяқтады.

Осылайша, жасөспірімдер Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының еншісінде жеті жүлде бар: екі алтын, екі күміс және үш қола.

Бұған дейін Олимпиада чемпионы атанғандар — дзюдошы Фатима Супыгалиева (52 килоға дейін) мен велоспортшы Анель Ташбай. Қола медальдарды таеквондошы Любовь Юн (63 килодан жоғары), триатлоншы Рамазан Айнегов және боксшы Марал Төлепберген (54 килоға дейін) иеленді.