2026 жылдың басынан бері өткізу пункттерінде шекаралық бақылау кезінде жалған құжаттармен кіруге 200 әрекеттің жолы кесілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің жалған немесе басқа адамдардың құжаттарымен елге кіруге жол бермеу жұмысын қалай жүргізетінін айтып берді. «Құқық бұзушылардың көпшілігі жалған визалар мен үшінші тұлғалардың деректері жазылған құжат бланкілерін пайдаланған. Оларды қолдану жиілігі шекараның оңтүстік учаскелері мен халықаралық әуе жолдарында анықталды», — деп атап өтті ҰҚК.
2025 жылы осындай 660-тан астам құқық бұзушылық анықталған. Шекарашылар жалған және басқа адамдардың құжаттарын пайдаланып шекарадан өту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.


