Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындарды Қосшы қаласы бағытындағы жеңіл рельсті көліктің екінші желісінің құрылысына түсіністікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қасымбек тиісті жазбаны Instagram парақшасында жариялады. Онда қала тұрғындарынан Tarlan Astana екінші кезеңінің құрылысына қатысты сұрақтар түсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, адамдарды Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы уақытша қозғалыс шектеулері алаңдатады.
«Осы уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, жеңіл рельсті көлік құрылысын қолдауларыңызды сұраймын. Себебі жұмыстар аяқталған соң Tarlan Astana жолдарды айтарлықтай босатып, көшелердің өткізу қабілетін арттырып, кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан жұмыстарды қысқа мерзімде және сапалы аяқтауға міндеттенеміз. Мәселен, бүгінде Қосшы қаласы бағытындағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келер жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты іске қосуды жоспарлап отырмыз», — делінген Қасымбектің жазбасында.
Әкім Астанада Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысы қарқынды басталғанын атап өтті. Осыған байланысты 2026 жылдың соңына дейін және келер жыл бойы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылында жүргізушілер үшін уақытша қолайсыздықтар сақталады. Қасымбек жол жүрісін қамтамасыз ету үшін барынша күш салуға уәде берді.
Сонымен қатар ол Tarlan Astana екінші кезегінің №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен танысты.
«Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып отыру торабының құрылысы басталды. Мұнда №2 және №3 желілер қиылысады, бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ бағыттар арасында жылдам әрі ыңғайлы ауысуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ол.
Қасымбектің дерегінше, Tarlan Astana жолаушылар ағыны 13,8 млн рейске жеткен.


