Петропавлда сот сақтандыру компаниясынан жол апатынан кейін көлік иесіне 2 млн теңгеден астам өтемақы өндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Петропавл №2 соты көлік иесінің сақтандыру компаниясына қатысты азаматтық ісін қарады. Талапкер көлікке келтірілген залал мөлшерін анықтау нәтижелерін жалған деп тануды және сақтандыру төлемін өндіруді сұрады.
Сотқа жүгінуге себеп болған жол-көлік оқиғасының кінәлісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандыру компаниясында сақтандырылған.
Сақтандыру жағдайы орын алғаннан кейін сақтандыру компаниясы көлікті жөндеу құнын 674 413 теңге деп бағалады. Бұл сомамен келіспеген көлік иесі тәуелсіз бағалаушыға жүгінді, ол тозуды ескере отырып, шығынды 2 325 106 теңге деп анықтады.
Одан кейін көлік иесі сақтандыру омбудсменіне сақтандыру төлемін қайта қарау туралы талаппен жүгінді. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша төлем сомасы 873 748 теңге болып белгіленді. Бұған да келіспеген талапкер сотқа жүгінді.
Сот талқылауы барысында сот автотауартану сараптамасы тағайындалды. Сарапшының қорытындысы бойынша, тозуды ескере отырып, зақымдалған көлікті қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жұмыстарының, қосалқы бөлшектер мен материалдардың құны 1 829 499 теңгені құрады.
Сот сараптама қорытындысын дұрыс деп таныды, себебі зерттеу білікті маманмен белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізілді. Сараптама сақтандыру компаниясы белгілеген жөндеу құнының төмендетілгенін растады.
Нәтижесінде сот сақтандыру компаниясының есеп-қисабын жалған деп танып, көлік иесінің пайдасына 1 829 499 теңге мөлшерінде сақтандыру төлемін өндірді. Сонымен қатар сақтандыру компаниясынан сот шығындары да өндірілді. Талапкерге төленетін жалпы сома 2 039 821 теңгені құрады.
Сот шешімі Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасымен өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.


