Шымкентте бұрынғы жұбайлар көлікті бөлісе алмай сотқа жүгінді, алайда дауды медиативтік келісіммен аяқтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ортақ мүліктегі үлесті айқындау және бірлесіп жинаған мүлікті бөлу туралы азаматтық істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, тараптар 2013 жылдан 2025 жылға дейін некеде тұрған. Неке кезінде олар 2024 жылы шығарылған, құны 8 млн теңге тұратын Hyundai Elantra автокөлігін сатып алған.

Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.

Медиативтік келісімнің шарттары бойынша талап қоюшы ортақ мүліктегі өз үлесіне 4 млн теңгенің ішінен 2 млн теңге алды. Қалған 2 млн теңгені жауапкер талап қоюшыға жыл соңына дейін аударуға міндеттенді.

Тараптар келісімге келгендіктен, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Сонымен қатар талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.