Алматыда Шығыс айналма автомобиль жолындағы элиталық көліктердің әсерлі кортежі полицияның назарын аударды. Бұзушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оңтүстік астананың айналма жолындағы элиталық көліктер кортежінің видеосы әлеуметтік желілерде таралып кеткен. «Бұл кадрлар интернет-кеңістікті мониторингтеу барысында полиция қызметкерлерінің назарын аударды. Жүргізушілер Шығыс айналма автомобиль жолымен солтүстік бағытта қозғалып келе жатып, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны анықталды. Қысқа мерзімде әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері автокөлік шеруінің барлық қатысушыларының жеке басын анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты», — делінген хабарламада.
Жүргізушілерге қатысты авариялық жағдай туғызу, жасанды кептеліс жасау, автомобильді заңсыз тонировкамен басқару, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. «Көліктің құнына, жүргізушінің мәртебесіне немесе қоғамдық назарға қарамастан, Жол қозғалысы ережелерінің талаптары барлығына бірдей және міндетті түрде орындалуға тиіс», — деп мәлімдеді ПД-да.


