Шығыс Қазақстан облысында қадағалау актісі бойынша 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бөлінген 4,6 млн теңге бюджетке қайтарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның ресми сайтында мәлім болғандай, Алтай ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» мемлекеттік жобасын іске асыру кезінде заңнама бұзылғаны анықталды.

Жоба аясында жұмыс берушілерге бюджет қаражаты есебінен жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысының 60-70 пайызы бағдарламаға қатысу мерзіміне қарай субсидияланады.

«Жұмыс берушінің қызметкерлердің нақты жұмыспен қамтылуы туралы жалған мәлімет берген фактілері анықталды. Атап айтқанда, жекелеген қызметкерлер жұмыс орнында болмағанына, оның ішінде ауданнан тыс жерге шыққанына қарамастан, жұмыс уақытын есепке алу табельдерінде толық жұмыс күндері мен сағаттары көрсетілген», — деп хабарлады ШҚО прокуратурасында.

Салдарынан мемлекеттік субсидиялар қызметкерлердің еңбек міндеттерін мәлімделген көлемде нақты орындағанын жеткілікті растамай-ақ аударылып отырған. Аударылған қаражаттың жалпы сомасы шамамен 4,6 млн теңгені құрады.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша төленген субсидиялар қайта есептеліп, бюджет қаражаты мемлекет кірісіне толық көлемде қайтарылды.