Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әндері FIFA 2026 футболдан әлем чемпионаты кезінде Мексиканың Сапопан қаласындағы ресми FIFA Fan Fest-те орындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

FIFA Fan Fest — әлем чемпионатының ең ірі ресми фан-аймақтарының бірі, оны FIFA Халиско штатының үкіметімен бірлесіп ұйымдастырды. Мұнда матчтардың трансляциясымен қатар, концерттер, мәдени бағдарламалар, гастрономиялық фестивальдар мен түрлі интерактивті іс-шаралар өтеді.

Димаштың ресми жанкүйерлер сайтының хабарлауынша, музыкалық бағдарламаға 13 жастағы мексикалық әнші Анхель Херардо Коваррубиас Кабрера (сахналық аты — Angeloo) қатысты. Оның айтуынша, Димаштың шығармашылығымен ол 10 жасында танысып, оның дауысы мен әндері арқылы жеткізетін идеяларынан шабыттанған.

2025 жылы Angeloo испан тіліндегі SOS әнін орындап, La Voz Zapopan de los Niños y las Niñas балалар вокалдық байқауында жеңіске жетті. Осы жеңісінің арқасында ол FIFA Fan Fest сахнасында өнер көрсетуге шақыру алды.

Екі мыңнан астам көрермен алдында жас әнші Diva Dance, Sinful Passion және When I’ve Got You композицияларын орындады. Оның өнерін Димаштың мексикалық жанкүйерлер клубы Dears Jalisco Mexico мүшелері қолдады.

«Димаштың хабарламасын көп адамға жеткізу мені қуанышқа бөлейді. Ол туралы мүмкіндігінше көп адам білгенін қалаймын және бір күні онымен кездесіп, өмірімді өзгерткені үшін алғыс айтуды армандаймын», — деді Angeloo.