Атырау облысында Сағыз ауылының 90 жастағы тұрғыны Әділхан Сисеновке қатыгездік жасалғаны туралы сот ісі басталды. Қария өзінің кенже ұлын ұрып-соққаны үшін айыптап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зейнеткер сот залында сөз сөйлеп, туысы тарапынан жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеді. «Неге ол әлі төрт айдан бері қамауға алынбай отыр? Ол мені құлыптап, қол-аяғымды байлап, басымнан ұдайы ұрды. Салдары өзін көрсетті: жақында инсульт болды. Бұл басымнан үздіксіз ұрғаннан кейін болды», — деді Әділхан Сисенов.

Іс бойынша айыпталушы — жәбірленушінің 47 жастағы ұлы. Ол өз кінәсін мойындамай отыр.

Сот залында жәбірленушінің әпкесі Кенжетай Сисенова да болды. Бұған дейін хабарланғандай, қария ұрып-соғудан осы әпкесіне қашып барған. «Біз туған ағамызды қолдауға келдік. Ағам ауырып қалды, бірақ есін жиды. Қазір жағдайы жақсырақ, жады біртіндеп қалпына келуде. Өткен жолы ол микроинсульт алған. Ұлының қылықтарынан біз бүкіл туыспен араздасып қалдық. Істеген ісі үшін жауап берсін», — деді ол.

Еске салайық, биыл маусымда Атырау облысының 90 жастағы тұрғыны туған ұлы оған қатыгездік жасағанын мәлімдеген. Қария оны тамақтандырмай, байлап қойғанын айтқан. Атырау облысы полиция департаменті сол кезде дене жарақатын келтіру фактісі бойынша «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.