Қазақстандық күрескер Куат Хамитов әлемдегі ең ірі жалаң жұдырық сайысы лигасы Bare Knuckle Fighting Championship (BKFC) өнер көрсету ұсынысын алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы спортшы Instagram-да жазды. «Bare Knuckle FC-те өнер көрсету ұсынысын алдым. Егер шарттар бойынша келіссек, күзде өзіме жаңа ұйымда өнер көрсетемін», – делінген хабарламада.
Bare Knuckle Fighting Championship (BKFC) – Филадельфияда орналасқан, жалаң жұдырық сайысын ұйымдастыратын әлемдегі ең ірі ұйым. 2018 жылы құрылған BKFC 1889 жылдан бері АҚШ аумағында жалаң жұдырық боксы турнирлерін өткізуге ресми рұқсат алған алғашқы компания болды. Соңғы жылдары лигада аралас жекпе-жек және кәсіби бокстың көптеген танымал файтшылары өнер көрсетті.
Айта кетейік, осы айда Хамитов RAF ұйымында дебют жасап, еркін күрес ережесімен UFC-дің танымал файтшысы Арман Царукянмен кездесті. Қазақстандық бұл жекпе-жекте жеңіліп, одан кейін тағы бір танымал қарсыласпен жекпе-жек өткізуді ұсынды.


