Қостанайда сот сапасыз пластикалық операцияға байланысты 1,3 млн теңгеден астам ақша өндірді. Операция нәтижесінде әйелдің жоғарғы ернінде тыртық деформациясы пайда болған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, Қостанай қалалық сотында бір әйелдің екінші әйелге қатысты ақшаны қайтару және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы қаралды.
Сот анықтағандай, 2024 жылғы қазанда жауапкер талапкерге хейлопластика (еріннің пішінін, көлемін немесе контурын өзгертетін хирургиялық операция) жасаған және ол үшін 120 мың теңге алған. Қанағаттанарлықсыз нәтижеге байланысты 2025 жылғы сәуірде 90 мың теңге тұратын қайталама операция жасалған.
Уәкілетті органның тексеруі барысында жауапкердің «пластикалық хирургия» мамандығы бойынша сертификаты және медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы болмағаны анықталды. Іс бойынша кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша, талапкердің жоғарғы ернінде операция кезінде тіндерді шамадан тыс алып тастау салдарынан тыртық деформациясы пайда болған. Жасалған хирургиялық араласулар мен келтірілген зардаптар арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар. Денсаулыққа келтірілген зиян орташа ауырлықтағы деп бағаланды.
Сот жауапкердің қажетті бейіндік білімі мен лицензиясыз, сондай-ақ медициналық құжаттаманы ресімдемей медициналық қызмет көрсеткені, бұл талапкердің денсаулығына зиян келтіргені туралы қорытындыға келді. Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден өндірілген сомалар: 210 мың теңге — төленген операциялардың құны, 700 мың теңге — моральдық зиян үшін өтемақы, 457 мың теңге — сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығыстар. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


