Ақтауда «Каспий» футбол клубы жастар командасының тәрбиеленушілерінің ата-аналары балаларының жаттығатын жері жоқ екенін айтты: жаттығулар толығымен тоқтаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала тұрғындарының айтуынша, соңғы бес жылда балалардың тұрақты жаттығу базасы болмаған. Алғашында секция қаланың 1-шағын ауданында жұмыс істеген, кейін «Жас Қанат» стадионында өткен. Ол күрделі жөндеуге жабылған кезде командаларды «BS Arena» жекеменшік алаңына көшірген. Жақында жаттығулар мүлдем тоқтады. Ата-аналарға клубтың жалдау ақысын төлеуге қаражаты таусылғаны түсіндірілген.

«Ертең оларды түрлі турнирлерге апарғанда, жеңіліспен оралады, өйткені жаттығу үдерісі бұзылды. Мысалы, бұрын жаттығу аптасына төрт рет өтетін, ал қазір жоқ — бәрі үйде отыр. Қазір балалар, былайша айтқанда, көшеде қалды», — дейді спортшылардың бірінің анасы Салтанат Ешманова.

«Каспий» футбол клубы басшысының орынбасары Марат Такенов клубқа айына 8 млн теңгеге түсетін «BS Arena»-мен жалдау шартының шынымен аяқталғанын растады.

«2026 жылдың басынан «Жас Қанат» стадионы «Каспий» футбол клубының үй алаңы ретінде есепте тұрды. Бірақ бұл алаң лицензиялық талаптарға сай болмағандықтан, күрделі жөндеу жүргізілді. Ол тамыз-қыркүйекке дейін созылып, стадион сонда ғана ашылды. Оған дейін, жыл басынан «BS Arena»-мен шарт жасасқанбыз. Барлық балаларымыз — дубль құрамы да, қыздар командасы да — сол жерде барлық жаттығуларын өткізіп, Қазақстан чемпионатының ойындарын ойнады. Бүгінгі таңда «BS Arena»-мен шарттың мерзімі бітті. Бізге бөлінген қаражат қарашаға дейін есептелген, сондықтан қазір шарт мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылды», — деді ол.

Сонымен қатар клуб басшысының айтуынша, «Жас Қанат» стадионы да енді клубқа тиесілі емес.

«Сіздер де естіген боларсыздар, президенттің тапсырмасы бойынша барлық футбол клубтары жекеменшікке өтуі тиіс. Осы себепті «Жас Қанат» стадионы «Каспий» футбол клубының балансынан шығарылып, қазір футбол жөніндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Былайша айтқанда, бұл стадион қазір біздің меншігімізде емес. Әрине, ата-аналардың наразылығын түсінемін, олардың талаптары әділ. Қазір «BS Arena»-мен шарттың мерзімі бітті, бірақ біз балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен келісімге келдік. Келесі аптадан бастап кестеге енгізіп, балалар жыл соңына дейін осында жаттығады. Жаңа басшылық келгенде, жаттығулар «Жас Қанатта» өтетін бе, әлде қайтадан «BS Arena»-да өтетін бе, соны шешеді», — деді Марат Такенов.