Қазақстан тұрғыны Дженнифер Лопес концертіне сатып алған билетінің толық құнын сот арқылы қайтарып алды. Сатушы алдымен 30% (113 061 теңге) ұстап қалған еді, бірақ апелляциялық сот сатушыны 376 869 теңгені төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Әділеттілікті қалпына келтіруге Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары көмектесті.
Іс материалдары бойынша, билет туристік агенттік арқылы сатып алынған. Алайда төлемнен кейін сатып алушыға шарт та, кассалық чек те, билеттің өзі де берілмеген. Кейін ол сатып алудан бас тартып, ақшаны қайтаруды талап еткен. Орындаушы тек бір бөлігін қайтаруға келісіп, 30% – 113 061 теңгені ұстап қалған.
Алғашқы сот сатушыға тек бір бөлігін қайтаруды тапсырып, дауды туристік қызметке қатысты деп санаған. «Бірінші сатыдағы сотта орындаушы туристік агенттік арқылы сатып алынғандықтан, дау туристік қызмет көрсету шеңберінде туындағанын айтып, «Туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қолдануды сұрады. Сот бұл ұстаныммен келісіп, талапты ішінара қанағаттандырып, тұтынушының пайдасына 263 809 теңге өндіріп, 113 060 теңге ұсталып қалған соманы өндіруден бас тартты», – деп түсіндірді департаменттен.
Алайда апелляциялық саты тараптар арасында туристік өнімге шарт жасалмағанын, тек концертке билет сатып алу туралы келісім болғанын анықтады. «Тараптардың қатынастары «Туристік қызмет туралы» Заңмен емес, Азаматтық кодекстің 33-тарауының ақылы қызмет көрсету ережелерімен реттеледі», – делінген сот шешімінде.
Сонымен қатар, орындаушы 113 мың теңгеден астам ұстауға негіз болатын нақты шығындарын құжатпен растай алмаған. «Қызмет құнының 30% ұстау шарты тұтынушының назарына төлем жасалғаннан кейін ғана жеткізілген, сондықтан олар тараптардың келісімі деп саналмайды», – деп атап өтті сот.
Нәтижесінде апелляциялық алқа сатушыны билеттің толық құнын – 376 869 теңгені және сот шығындарын өтеуге міндеттеді.
Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті сатып алушыға билетті сатып алу және қайтару шарттары туралы толық ақпаратты алдын ала беру міндетін еске салды. Сатып алушыларға ресми билет операторларының қызметін пайдалануға, чектерді, квитанцияларды, электронды билеттер мен хат-хабарларды сақтауға кеңес береді – олар құқықты қорғау кезінде қажет болуы мүмкін.
Еске салайық, Дженнифер Лопес 2025 жылдың 1 тамызында Астанада, ал 10 тамызда Алматыда концерт берген.


