Қазақстанда жалған адамдардың атына кепілге қойылған көліктермен алаяқтық жасау схемасы ашылды — шетелге 56 көлік шығарылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігі ауқымды көлік алаяқтығына күдікті топтың қызметін тоқтатты. Іс бойынша 48 адам полицияға жеткізілді, алтау болжамды ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторында отыр.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, схемаға қатысушылар көліктерді екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдар арқылы кепілге ресімдеген. Ол үшін жалған адамдарды пайдаланған.

«Қылмыскерлер көліктерді екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдар арқылы жалған адамдардың атына кепілге ресімдеген. Көліктерді алған соң оларды кейін қайта сату үшін Қазақстаннан тыс жерге шығарған. Алдын ала деректерге қарағанда, осылайша шетелге 56 көлік шығарылған», — делінген хабарламада.

Қылмыстық әрекетті тоқтату үшін Ішкі істер министрлігі еліміздің он өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 48 адам полиция органдарына жеткізілді. Олардың қатарында қылмыстық топтың 6 болжамды ұйымдастырушысы бар, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция топтың одан арғы қызметін тоқтатып, алаяқтықтың жаңа эпизодтарының алдын алғанын мәлімдеді.

ІІМ хабарлауынша, қазір тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтап, шетелге шығарылған көліктерді іздестіру шараларын қолданып жатыр. Тергеу министрліктің бақылауында.