Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 11-орында тұрған Александр Бублик ATP-250 санатындағы Swiss Open Gstaad-2026 турнирінің бірінші айналымындағы матчты француз Кентен Алиспен (90-ракетка) кеше бастап, бүгін өкінішті жеңіліспен аяқтады – 7:6 (7:4), 4:6, 6:7 (5:7). Биік таулы швейцариялық курортқа жауған нөсер кесірінен кездесу үзілген болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кеше төрешілер матчты үшінші сетте 6:5 15:0 есебімен қазақстандық, яғни Гштаадтың қазіргі чемпионы пайдасына болған кезде тоқтатты. Ойын қайта жалғасқан соң Алис геймді ұтып, шешуші партияны тай-брейкке жеткізді. Он үшінші гейм Бублик үшін сәтсіз болды: француз 4:0 есебімен алға шықты, қазақстандық айырманы барынша қысқартты – 4:5, бірақ соңғы сөз Кентенде қалды – 7:5.
Осылайша, Бірінші Александр өткен жылғы титулын қорғай алмады, ал Алис ширек финалда Екінші Александрмен ойнайды.
Александр Шевченконың (100-ракетка) Доминик Штрикермен (360-ракетка) матчын да кеше жаңбыр үзді. Тоқтатылған кезде турнир ұйымдастырушыларынан уайлд-кард алған швейцариялық брейкпен 4:3 есебімен алда тұрған еді. Алайда біздің теннисші кездесу барысын өзгерте алды және Штрикерге трибуналардың қатты қолдау көрсетуіне қарамастан, екі сетте жеңіске жетті – 7:6 (7:5), 6:2.
Swiss Open Gstaad турнирі – Швейцарияның теннистен ашық чемпионаты 1915 жылдан бері өткізіліп келеді. 1967 жылға дейін әртүрлі қалаларда өтсе, 1968 жылы Швейцария Альпісіндегі танымал тау шаңғысы курорты Гштаадта тұрақты орнын тапты. Ол Еуропадағы ең биік таулы АТП турнирі саналады (теңіз деңгейінен 1050 метр).
2009 жылдан бастап турнир ATP-250 санатына жатады. Жалпы жүлде қоры 612,5 мың еуроны құрайды.
Әр жылдары Swiss Open Gstaad жеңімпаздары швейцариялық Роджер Федерер, ресейлік Евгений Кафельников, швед Стефан Эдберг, аргентиналық Гильермо Вильяс және басқа да жұлдыздар болды.


