«Барыс» хоккей клубы Континентальді хоккей лигасының (КХЛ) жаңа маусымында команданы басқаратын бапкерлік штабты ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz.
Бас бапкер болып ресейлік маман Михаил Кравец қалады, ол екінші маусымын өткізеді. Оның көмекшісі ретінде қазақстандық бапкер Талғат Жайлауов жұмысын жалғастырады. Жайлауовтың жетекшілігімен Қазақстан ұлттық құрамасы көктемде Польшада өткен бірінші дивизион турнирінде әлем чемпионатының элиталық дивизионына жолдаманы мерзімінен бұрын жеңіп алған болатын. Шабуылшылармен жұмыс істеуге Александр Савченков, қорғаушыларды Евгений Королев, қақпашыларды Константин Барулин жаттықтырады. Жалпы дене дайындығы бапкерлері болып Денис Михайличенко мен Игорь Елисеев, видео-бапкерлер болып Сергей Тамбулов пен Владислав Белан тағайындалды.
Еске сала кетейік, 17 шілдеден бастап «Барыс-Арена» мұз айдынында екі жақты келісімшарттары бар ойыншыларға арналған жаттығулар басталды. Олар КХЛ-да «Барыс» үшін де, Қазақстан чемпионатында оның фарм-клубы «Номад» үшін де өнер көрсете алады. Тамыз айының басында оларға негізгі құрамның ойыншылары қосылады.
«Барыс» алғашқы маусым алдындағы матчын 17 тамызда Уфа қаласында өтетін Башқұртстан Республикасы Кубогында өткізеді, онда қарсыластары жергілікті «Салават Юлаев», хабаровтық «Амур» және тольяттилік «Лада» болады. 20 шілдеде турнирдің толық кестесі белгілі болды. Бірінші турда (бір айналымда өтеді) «Барыс» иелерімен 17 тамызда Астана уақытымен сағат 19:00-де кездеседі. 18 тамызда сағат 15:00-де «Амурмен», 20 тамызда сағат 13:00-де «Ладамен» ойнайды. Башқұртстан Республикасы Кубогы 1999 жылдан бері ойнатылып келеді, оны ең көп «Салават Юлаев» жеңіп алған (12 рет), үш рет ярославльдік «Локомотив» жеңіске жеткен. «Барыс» үшін бұл екінші қатысу: 2018 жылы команда соңғы, төртінші орын алды.
27 тамызда астаналық клуб Санкт-Петербургте СКА және КСРО құрамасының қақпашысы Николай Пучковты еске алу турнирінде екінші маусым алдындағы турнирді бастайды. «Барыстың» бұл турнирдегі қарсыластары (бір айналым) СКА, оның фарм-клубы СКА-ВМФ және хабаровтық «Амур» болады. Жеңімпаз ең көп ұпай саны бойынша анықталады.


