Алматы облысында Балқаш көлінде заңсыз 261 кг балық аулаған екі браконьерге үкім шығарылды. Оның біреуі емделуге жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Балқаш көлінде полиция және балық инспекциясы қызметкерлері Т. мен П. С. азаматтарын ұстады. Олар «Yamaha-40» моторлы қайықтар мен 500 метрлік синтетикалық ауларды пайдаланған.
«Олар заңсыз 261 кг балық аулаған. Мемлекетке 1,2 млн теңге көлемінде елеулі залал келтірілген. Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушы Т.-ның кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалдың басым бөлігін (890 мың теңге) ерікті түрде өтегенін ескерді», — деп мәлімдеді соттан.
Нәтижесінде Т. кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол 3 жылға балық аулау құқығынан айырылды, сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленіп, ол мәжбүрлі еңбекке (жылына 100 сағат) тартылуға міндеттелді.
Істің екінші фигуранты П. құқық бұзушылықты жасау кезінде психикалық жағдайына байланысты есі дұрыс емес күйде болған, сондықтан ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот оған тұрғылықты жері бойынша дәрігердің амбулаториялық бақылауы мен емін тағайындады.


