Шығыс Қазақстан облысында орындалған жұмыстар мен жеткізілген тауарлар үшін ақшасын ала алмай жүрген ондаған кәсіпкер ақыры өз қаражатын алды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Алтай ауданының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру барысында «Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан бұзушылықтар анықтады. Медициналық мекеме шарт бойынша міндеттемелерін уақытылы орындаған жеткізушілер алдында мерзімі өткен қарыздың пайда болуына жол берді.
Прокурорлық қадағалау актісі енгізілгеннен кейін аурухана 37 кәсіпкер алдындағы қарызын толық өтеді. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 106,47 миллион теңгені құрады.


