Астанада 23 жастағы жігіт электромопедпен мас күйінде жүріп, 20 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Полицейлер оны Сәтбаев көшесінде тоқтатып, көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғанын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, тексеру кезінде электромопед жүргізушісінің жүргізуші куәлігі жоқ екені, ал өзінің алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды.
«Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушіде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталды», — деп хабарлады полицияда.
Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке қамауға алынды. Электромопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция өткен демалыс күндерінің қорытындысы бойынша статистиканы да келтірді: елордада барлығы 19 жүргізуші көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды.
«Полиция азаматтарды жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға және алкогольдік масаң күйде рөлге отырмауға шақырады. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», — делінген хабарламада.


