Атырауда Карабалиндер отбасының қазасына байланысты істі қараған судья Зарема Хамидуллина сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын неге бергенін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Судьяның айтуынша, сараптама сотталушының есі дұрыс екенін растады. Сот процесі барысында оның төрт адамды алдын ала жоспарлап, қасақана өлтіргені дәлелденді.
«Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін төрт адамды қасақана өлтіргені толық дәлелденді. Бұдан басқа, құрбандар қайтыс болғаннан кейін ол алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерді иемдену және олардың мүлкін тонау сияқты бірнеше құқық бұзушылық жасады», – деді судья.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы қайтыс болғандардың атынан несие рәсімдеген, ауыл тұрғындарына қаза тапқан Наурыздың атынан хабарлама жіберген, сондай-ақ оның ірі қарасын алдап сатқан.
Сот осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, Сұлтан Сәрсемәлиевті қоғамнан өмір бойы оқшаулау туралы шешім шығарды.


