Астанада жылу үшін төленетін сома тұтынылған жылу энергиясының көлеміне, қолданыстағы тарифке және үйде жалпыға ортақ есептеу құралының болуына байланысты. Есептеу тәртібін «Астана-Теплотранзит» компаниясы түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа маусымның алғашқы түбіртектерін астаналықтар жақын арада алады — онда қазан айының есептеулері көрсетіледі. Қалада 2026–2027 жылдардағы жылу маусымы 2 қазанда басталды, ал төлем құжаттарын 15 қарашаға дейін ұсыну жоспарлануда.

«Астана-Теплотранзит» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі жылу энергиясының сомасы қалай қалыптасатынын және оның неге айдан айға өзгеруі мүмкін екенін түсіндірді.

«Жылу ақысының мөлшері тұтынылған жылу энергиясының көлеміне, қолданыстағы тарифке және белгіленген есептеу тәртібіне қарай айқындалады. Көппәтерлі тұрғын үйде жалпыға ортақ жылу энергиясын есептеу құралы (ЖОЕҚ) орнатылып, дұрыс жұмыс істеп тұрса, есептеу оның көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Үйдің тұтынған жылу энергиясының жалпы көлемі пәтерлер арасында олардың ауданына пропорционал бөлінеді. Есептеу құралы болмаса, ол істен шықса немесе тексеру мерзімі өтіп кетсе, есептеу сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүргізіледі», — деп түсіндірді компанияда.

Түбіртектегі сома ай сайын өзгеруі мүмкін. Бұл үйдің тұтынған жылу энергиясының көлеміне байланысты. Жылу тұтынуға сыртқы ауаның температурасы, ғимараттың ерекшеліктері және оны жылумен жабдықтау режимі әсер етеді.

«Бірыңғай төлем құжатында «Жылу энергиясы» бөлімінде екі есептеу түрі бөлек көрсетіледі: «Жылыту» және «ЫСЖ» (ыстық сумен жабдықтау). Әр есептеу түрі бойынша жеке сома көрсетіледі. Ал осы есептеу түрлері бойынша жалпы сома «Жылу энергиясы» жолында көрініс табады», — деп атап өтті компанияда.

Тұтынушыларда есептеуге қатысты сұрақтар қалса, кәсіпорынның байланыс орталығына жүгіне алады.