Бүгін, 17 шілдеде, Алматыда сот шешімі бойынша заңсыз қосымша құрылысты бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, Розыбакиев көшесі, 249/1 үйіндегі қосымша құрылыс бұзылады. Жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің рұқсат құжаттарынсыз құрылыс салғаны анықталған.

«Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Одан кейін материалдар сотқа жолданды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен қосымша құрылыс бұзылуға тиіс», — деп түсіндірді басқармадан.

Нысанды бұзу бүгін қалалық Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.