1 тамыздан бастап Алматыдағы Наурызбай батыр көшесінде жаңа веложолақ үшін қоғамдық көліктің қозғалыс схемасы өзгереді, деп хабарлады infohub.kz сайты.

Өзгерістер Райымбек даңғылы мен Абай даңғылы аралығындағы учаскеге қатысты. Бұл жерде автобусқа арналған бөлінген жолақ алынып, арнайы веложолақ салынады.

Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, қазір Наурызбай батыр көшесімен жүретін автобус бағыттары Желтоқсан көшесіне ауыстырылады. Бұл велосипедшілердің қозғалысы үшін бөлек кеңістік бөлуге мүмкіндік береді. Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанынан бастап Желтоқсан көшесінде BRT (Bus Rapid Transit – жылдам автобус қатынасы) жаңа желісі іске қосылған болатын.

«Өзгерістер велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыруға, қалалық велоинфрақұрылымды дамытуға және көлік ағындарын тиімді бөлуге бағытталған», — делінген басқарма хабарламасында.

Жүргізушілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары өзгерістерді алдын ала ескеріп, маршрутын жаңа схемаға сәйкес жоспарлауға шақырылады.

Еске салайық, Желтоқсан көшесіндегі BRT желісінің құрылысы 2025 жылдың сәуір айының соңынан басталған болатын. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, бұл желіге 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған және ол кемінде жеті жыл қызмет етуі тиіс.

Жаңа веложолақтың пайда болуы электр самокаттардың жүру мәселесін ішінара шешуі мүмкін. 25 тамыздан бастап Алматыда электр самокаттардың тротуарлармен жүруіне тыйым салынады.