Алматы облысында жеке үйдің ауласына көлік соғылып, онда отбасы туған күнді тойлап жатқан. Мерейгер әйел аяғынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Туыстарының айтуынша, олар дастарқан басында отырып, 40 жасқа толу мерекесін тойлап жатқан. Кенеттен жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік қақпаны соғып, тіке аулаға кіріп кеткен. Соққыдан жиналғандар әр жаққа ұшып кеткен. Ең ауыр жарақатты туған күн иесі әйел алған. Ол қан жоса болып, аяғы быт-шыт болған.

«Ол қатты қан жоғалтты, есін жия алмай ұзақ жатты. Бір тәуліктен астам есін жиған жоқ. Көлікті куәлігі жоқ қыз жүргізген. Оның қасында кәмелетке толмаған 14 жасар ұл бала отырған дейді. Көлік иесі туралы біреулер артқы орында отырды десе, енді біреулер оның жоқ екенін айтады», — деді жәбірленушінің қарындасы.

Мерейгерді ауыр жағдайда жеткізген. Дәрігерлер сол аяқты ампутациялау туралы шешім қабылдады. «Науқастың жарақаты балтырдың жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде болды. Тіндердің тіршілікке қабілеті жоқтың қасы, қан тамырлары, нервтер, бұлшықеттер және сүйек тіндері зақымданған. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, қажетті ем жүргізілуде», — деді Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Аскеров.

Жәбірленушінің қарындасы да жарақат алды — оның алты қабырғасы сынған.

Күдікті әйел оқиға болған соң бірден ұсталғаны хабарланды. Қазір полиция барлық мән-жайды анықтап жатыр. «Алдын ала анықталғандай, 24 жастағы әйел көлік жүргізу кезінде басқаруды жоғалтып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», — деді Алматы облысы Қарасай ауданы полиция басқармасының бастығы Нұсқабек Зауланбаев.

Туыстарының айтуынша, әйел бір жылдан астам уақыт бойы ЭКО процедурасына дайындалып, ана болуды армандаған. Енді бұл жоспарларды кейінге қалдыруға тура келеді. Жақындары әділ тергеуді талап етеді.