Алматыда колледж түлегі дипломын жыртқан видео жариялап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында TikTok платформасында қоғамда қызу талқыланған видеоны анықтады.

Бейнежазбада Алматыдағы жеке колледждердің бірінің түлегі диплом тапсыру рәсімінен кейін дипломның мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртқан.

Тексеру барысында дипломның түпнұсқасы, оған қосымша және оқу орны берген ресми мұқабасы зақымданбағаны анықталды. Видео түсіру үшін алдын ала дайындалған мұқабаның көшірмесі пайдаланылған.

Осыған қарамастан, ролик интернетте кең таралып, желі қолданушылары арасында әртүрлі пікірлер туғызды. Бұл факт полицияның тексеру жүргізуіне негіз болды.

Тексеру қорытындысы бойынша видео авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.