Алматыда Абай даңғылының Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАҚАД) дейінгі жалғасы биылдың соңына дейін ашылады. Құрылыс дайындығы шамамен 50% құрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Дархан Сатыбалды мұндай міндет қойды. Ол радиалды жолдар – Абай және Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесінің құрылыс барысымен танысты. Бұл жолдар қаланы БАҚАД-пен қосады.
Қазіргі таңда нысандардың құрылыс дайындығы шамамен 50% құрайды. Ақсай өзені арқылы өтетін көпірлер, БАҚАД және теміржол жолдары арқылы өтетін жол өткелдері салынуда. Жер учаскелерін сатып алу жұмыстары да жалғасуда. Абай даңғылы бойынша 82 учаскенің 71-і, Рысқұлов даңғылы бойынша 190 учаскенің 172-сі сатып алынды, ал Саин көшесі бойынша бұл рәсім толық аяқталды.
«Өткен жылы облыс аумағындағы жер учаскелерін қала бюджеті есебінен толық сатып алып, БАҚАД-қа дейінгі жолдарды өзіміз аяқтау туралы шешім қабылдадық. Барлық жобалар бізге берілді, қазір оларға түзетулер енгізілуде, алайда жұмыстар қатар жүріп жатыр», – деді Дархан Сатыбалды.
Әкім құрылысты қаржыландыру қарастырылғанын, мердігер ұйымдар белгіленгенін атап өтті. «Құрылысқа қаржы қарастырылған, мердігер ұйымдар бар. Абай даңғылы мен Саин көшесінің жалғасы арқылы БАҚАД-қа дейінгі жолды биылдың өзінде ашуды міндеттеп отырмын», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, бұл жобалар Алматы агломерациясының көлік байланысын жақсартып, кіре беріс магистральдарындағы жүктемені азайтады. Болашақта Алматыны БАҚАД-пен алты радиалды магистраль байланыстырады. Абай, Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесінен бөлек, Тілендиев, Ақан Сері көшелері мен Солтүстік айналма жолының жалғасы бойынша да жұмыстар жүріп жатыр.


