16 шілдеде тұтанған «Семей орманы» резерватындағы орман өрті 18 шілдеде сағат 9:45-те оқшауланды, деп хабарлайды infohub.kz.

Экология министрлігінің хабарлауынша, өртті жоюға «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМК күштері мен құралдары, сондай-ақ ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК және жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері жұмылдырылған.

Ведомствоның нақтылауынша, өртті сөндіруге барлығы 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылған. Өрт сөндіру барысында авиация 319 рет су шашып, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілген.

Бұған дейін табиғи өртке байланысты «DosbolLike» балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер эвакуацияланғаны хабарланған болатын. Премьер-министр Олжас Бектенов оқиға орнына шұғыл түрде министрлерді жіберді. Алдыңғы күні өрт сөндірушілер ашық жануды жойған еді.