Бақшадан көкөніс, жидек және көк шөпті жумай жеу денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін. Ішек инфекцияларынан бөлек, листериоз жұқтыру қаупі бар, ол ауыр жағдайда менингитке, ал жүкті әйелдерде түсік тастауға әкелуі мүмкін, — деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы дәрігер-инфекционист Елена Мескина айтты. Оның айтуынша, көкөністер, жемістер мен жидектердің бетінде жануарлардың нәжісі немесе басқа ластаушы көздер арқылы топыраққа түскен қауіпті бактериялар мен паразиттер болуы мүмкін.

Маман айтуынша, жуылмаған өнімдерді тұтыну, ең алдымен, ішек инфекцияларының, соның ішінде сальмонеллез бен диареямен қатар жүретін басқа да аурулардың қаупін арттырады. Ауыр жағдайда бұл ішектің қатты қабынуына және сусыздануға әкеліп, ауруханаға жатқызуды талап етеді.

Сонымен қатар, организмге паразиттердің ену қаупі бар, себебі топырақта гельминт жұмыртқалары мен басқа да инфекция қоздырғыштары сақталуы мүмкін.

Листериоз ерекше қауіпті. Әдетте бұл ауру жеңіл өтеді, бірақ иммунитеті әлсіз адамдарда бактериялардың көп мөлшері түскенде инфекция бауырдың қабынуы, менингит және басқа да ауыр асқынуларды тудыруы мүмкін.

Дәрігер жүкті әйелдерге төнетін қауіпке жеке тоқталды. Оның айтуынша, жүктілік кезінде листериоз жұқтыру түсік тастауға немесе басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Инфекционист көкөністерді, жемістерді, жидектер мен көк шөпті тұтынар алдында мұқият жууды, тіпті олар өз бақшасында өсірілген болса да, ал дімкәс белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынады.