Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов мемлекеттік қызметтен кететінін жариялады. Бұрынғы қала басшысы бүгін қала тұрғындарына арнап үндеу жариялап, атқарған жұмысының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Экс-әкімнің айтуынша, қала басшылығындағы жұмыс кезеңі зор жауапкершілікпен қатар жүріп, ол үшін басқарушылық мектеп болған.
«Осы уақыт ішінде біз бірге көптеген мәселені көтердік, бірге көптеген бастаманы жүзеге асырдық. Сіздер қолдаған жерде мен күшейдім, сын тастаған жерде одан әрі шыңдалдым», — деді Қайрат Шайжанов өз мәлімдемесінде.
Ол сондай-ақ қала тұрғындарына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Жезқазған ол үшін жай жұмыс орны емес, тағдыры мен еңбек жолымен тығыз байланысқан туған қала екенін атап өтті.
Қайрат Шайжанов 1977 жылы 22 шілдеде дүниеге келген. Екі бағыт бойынша жоғары білімі бар: «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» және «Құқықтану». Еңбек жолын жеке секторда бастап, құрылыс компанияларында басшылық қызметтер атқарған. Мемлекеттік және квазимемлекеттік басқару жүйесінде мол тәжірибесі бар. 2007 жылы Сәтбаев қаласындағы Жезқазған кентінің әкімі болып, кейін Сәтбаев әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2013 жылы Астанадағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ-ның коммуналдық шаруашылық департаментінің басшысы болды. Кейін салалық ғылыми-техникалық орталықтың бас директоры атанды. 2015 жылғы қарашадан 2017 жылғы маусымға дейін Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі қызметінде болды. 2015 жылы «Әлем-строй» ЖШС-ін де аз уақыт басқарды.
Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметін 2022 жылғы маусымнан бастап атқарып, бұл қызметте төрт жыл еңбек етті.


