Бостондағы Mass General Brigham медициналық орталығының американдық ғалымдары жасанды интеллект негізінде екі құрал жасап шығарды. Олар қарапайым бет суреті арқылы адамның биологиялық жасын және онкологиялық ауруларды емдеу кезіндегі қатерлерді анықтайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
FAHR-Face деп аталған базалық модель 40 миллионнан астам портретке оқытылды. Оның негізінде кейін екі бағдарлама жасалды: FAHR-FaceAge — сыртқы жасты бағалауға, FAHR-FaceSurvival — қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың өмір сүруін болжауға арналған.
Зерттеу авторының бірі Рэймонд Мактың түсіндіруінше, жаңа технология дәрігерлерге ауыр ем немесе ота тағайындамас бұрын ағзаның физикалық қорын дәлірек бағалауға көмектеседі.
38 183 науқасты тексеру көрсеткендей, паспорттағы жасынан кемінде бес жас үлкен көрінген адамдардың өлім қатері 21%-ға жоғары болды. Сонымен қатар нейрожеліні жарық, мимика, макияж немесе пластикалық операциялар арқылы алдау қиын, дегенмен ол темекі шегу мен алкоголь қолданудың іздерін анық байқайды.
Екінші бағдарлама қатерді нөлден бірге дейінгі шкаламен бағалайды: тест тобында ең жоғары балл жинаған науқастар ең төмен баға алғандарға қарағанда үш есе жиі қайтыс болды.
Алгоритмдер беттің әртүрлі аймақтарын талдайтыны қызық: жасты анықтау үшін маңдай, самай және мұрын-ерін қатпарлары маңызды, ал өмір сүруді болжау үшін көз асты мен мұрын үсті аймағы ескеріледі.
Жұмыс авторлары бағдарламалар әзірге әртүрлі елдерде қосымша клиникалық сынақтарды қажет ететінін атап өтті, өйткені қатерді бағалау дәлдігі әртүрлі нәсіл өкілдерінде ерекшеленеді. Қазір зерттеушілер ашық жоба іске қосты: кез келген адам өз суретін жүктеп, биологиялық жасын біле алады.


