1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ауыл мектептеріне жасанды интеллект енгізу жөніндегі пилоттық жоба басталды. Алғашқы кезеңде ол Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 оқу орнын қамтыды. Бұл туралы Q.AI бас директоры Дмитрий Мун айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, жасанды интеллект шағын жинақты мектептердегі оқушылардың жауаптарын талдап, білімдегі олқылықтарды анықтайды. 2028 жылдың шілдесіне қарай жобаны 2,5 мың шағын жинақты мектепке тарату жоспарлануда.
Жасанды интеллект математика, цифрлық сауаттылық, қазақ және орыс тілдері сабақтарында қолданылады.
Оқу үдерісі гибридті схема бойынша құрылған: Астанадағы білікті мұғалімдер арнайы жабдықталған студиядан онлайн режимде сабақ өткізеді, ал ауыл мұғалімдері сыныпта сабақ барысын сүйемелдеп, балаларға материалды меңгеруге көмектеседі. Оқушылардың белсенділігі мен қатысуын интерактивті кликерлер мен цифрлық құралдар арқылы бақылайды.
«Бұл ретте мұғалім сыныпта балалардың жанында болады, ал жасанды интеллект оқушылардың жауаптарын талдап, білімдегі олқылықтар мен әлсіз тұстарды табуға және кімге қосымша көмек керек екенін түсінуге көмектеседі. Яғни біз дербестендірілген білім беруге көшеміз», — деді Q.AI басшысы.
Мун жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оны күшейтіп, тиімдірек етеді деп қорытындылады.
Бұған дейін «Курсив» Астанада қазақ-қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін екенін жазған болатын.


