YouTube Premium Lite жазылымының жаһандық ауқымда кеңейтілетінін мәлімдеді. Енді жаңа тариф YouTube Premium қолжетімді барлық елдерде, оның ішінде Қазақстанда да пайда болады. Бұл — премиум жазылымның қолжетімді нұсқасы, ол көптеген бейнероликтерді және подкасттарды жарнамасыз көруге мүмкіндік береді, алайда функционалдығы жағынан стандартты жазылымнан айтарлықтай төмен, деп хабарлайды infohub.kz.
Premium Lite тарифіне YouTube Music, сондай-ақ бейнероликтерді құрылғыға жүктеп алу және оларды фондық режимде ойнату мүмкіндігі кірмейді. Бұл функциялар үшін әлі де кәдімгі YouTube Premium қажет.
Сонымен қатар, Google ескертеді: жарнама сервистің кейбір бөлімдерінде, мысалы, Shorts көру кезінде, музыкалық контент тыңдау кезінде немесе YouTube таспасын қарау кезінде кездесуі мүмкін.
Әзірге компания Premium Lite-тің Қазақстандағы құнын жариялаған жоқ. АҚШ-та жазылым айына $7,99 (шамамен 3,7 мың теңге) тұрады, алайда Google басқа елдерде баға аймақтық болатынын және американдық бағадан төмен болуы ықтимал екенін атап өтті.
Жаңа тарифтің пайда болғанын YouTube аккаунтыңыздағы жазылымдар бөлімінен тексеруге болады. Компания Premium Lite-ті YouTube Premium жұмыс істейтін барлық елдерде жақын арада іске қосуды уәде етті.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle YouTube пайдаланушыларға Shorts қысқа бейнероликтерінен бас тартуға рұқсат бергенін жазған болатын.


