Ұлытау облысында жаңғыртудан кейін жолаушыларға төрт теміржол вокзалы қайта ашылды. Жаңартылған нысандар Жезқазған және Қаражал қалаларында, Жаңаарқа ауданында және Қызылжар станциясында орналасқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және үкіметтің қолдауымен еліміздегі 125 теміржол вокзалын жаңғырту жобасы аясында атқарылды. Жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының және Ұлытау облысы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

Жаңартылған вокзалдар заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасайды. Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен вокзалдарды жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан Қызылжар — Мойынты теміржол желісі өңіріміздің дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, еліміздің транзиттік әлеуетін де арттырары сөзсіз. Жалпы облыста көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Теміржол қатынасын жақсартумен қатар, автомобиль жолдарының сапасын арттыруға басым көңіл бөлінуде. Жезқазған — Қызылорда автожолындағы жұмыстар 90 пайызға орындалды. Жақын айларда қозғалыс ашылады деп жоспарлануда. Жезқазған — Қарағанды бағытында ағымдағы жылы жер төсемесін салу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын толық аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Ұлытау — Арқалық жолының 89 шақырымдық учаскесін жөндеу қазан айында аяқталады», — деді облыс әкімі.

Жезқазған теміржол вокзалының ғимараты 1941 жылы салынған. Содан бері ол алғаш рет кешенді жаңғыртудан өтті. Жоба аясында вокзал ғимаратының ауданы 541 шаршы метрден 2 500 шаршы метрге ұлғайтылды. Жаңартылған вокзал бір уақытта 500-ге жуық жолаушыны қабылдап, тәулігіне 2 мың адамға дейін қызмет көрсете алады.

Қазіргі таңда Ұлытау облысы еліміздің алты облысымен теміржол қатынасымен байланысқан. Жаңғыртылған вокзалдар өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.