Қазақстан Ұлттық банкі капитал нарығындағы қатысуын біртіндеп қысқартып, келешекте зейнетақы активтерін басқару функциясын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) беруді көздеп отыр. Бұл туралы БЖЗҚ-ның «Зейнетақы жүйесі туралы диалогтар» подкастында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) төрағасы Елена Бахмутова мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚҚҚ басшысының айтуынша, инвестициялық стратегияларды әзірлеу мен активтерді ішінара басқаруды қорға беру тек келешекте мүмкін болады. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін БЖЗҚ-ға инвестициялық салада қажетті біліктілік пен терең мамандануды жинақтауға уақыт керек.
«Ұлттық банктің өзі капитал нарығындағы қатысуы тым көп екенін және біртіндеп шығуы керектігін мойындап отырғандықтан, уақыт өте келе инвестициялық стратегиялар бойынша ұсыныстар әзірлеу, ішінара басқару, мүмкін, келешекте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілетін болады. Әрине, ол үшін уақыт керек, ол үшін сонда жинақталуы тиіс біліктілік қажет», – түсіндірді Бахмутова.
ҚҚҚ басшысы атап өткендей, кадр мәселесінен бөлек, реформа қордың ішіндегі ықтимал мүдделер қақтығысын да болдырмауды талап етеді. Оның айтуынша, БЖЗҚ сенімді есепке алу ұйымы мәртебесін сақтап, салымшылар өз жинақтары туралы толық ақпарат алатын бірыңғай терезе рөлін атқаруы тиіс.
«Ұлттық банктің функциялары да бұл мәселеде біртіндеп азая беретін болады. Мүмкін, бұл анағұрлым ұзақ уақытты қажет ететін шығар», – деп қорытындылады Бахмутова.
Еске салайық, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулер күшіне еніп, жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ЖИПБ) міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың 100%-ға дейінгі бөлігін беруге рұқсат берді. Бұған дейін шек 50%-ға дейін ғана еді.
Бұған дейін «Курсив» кейбір салымшылар жинақтарының 100%-ын ЖИПБ-ға аударуға тырысқанда жүйедегі техникалық қателікке байланысты бас тартуға тап болғанын жазған еді.


