Түркістан облысында 17 жасар жасөспірімнің өліміне әкелген атыс ісі бойынша алты адам сот алдына келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Жетінші арнаның» дерегінше, былтыр қараша айында Түлкібас ауданында бетперде киген адамдар көшеде тұрған төрт жасөспірімге оқ жаудырған. 17 жасар жігіт оқиға орнында қаза тапты, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді.

Бұл іс бойынша барлығы жеті адам өтті. Олардың біреуі іздеуге жарияланды, қазір онымен тергеу органдары жұмыс істеп жатыр. Қалған алты адам сот алдына келді.

«Олардың үшеуі оқиға орнына келіп, қару қолданып, жәбірленуші жаққа оқ атты. Қалған үшеуі оқиға орнына барудан және қару қолданудан бас тартты. Алайда олар қару қолданылатынын білгендіктен, бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлауы тиіс еді», — деді мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиев.

Сот шешімімен негізгі айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды — қатаң жаза қылмыстың қайталануына байланысты. Тағы екеуі 18 жылдан түрмеге қамалды. Қылмысты жасырғаны үшін айыпталғандардың біреуі 3 жылға, екіншісі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір сотталған адамға 2 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылық қолданылуына байланысты ол сот залында босатылды.

Еске салайық, 2025 жылғы 2 қарашаға қараған түні Түлкібас ауданында атыс қаруын қолдану оқиғасы тіркелген. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, үшеуі медициналық мекемеге жеткізілді. Кейін дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын хабарлады — екі адам ауруханаға жатқызылды. Ал куәгерлер 17 жасар жасөспірімнің өліміне әкелген атыстың мән-жайын айтып берді.