Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібіне арналған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Иелері қытайлық Hong Kong Chang Sheng Textile Limited және Жин Еуйи болып табылатын Hygeia Textile Kazakhstan компаниясы мақта иірімжібі мен джинсы мата шығаратын фабрика салуға 25,8 млрд теңге жұмсайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аумағы 20 гектар болатын өндіріс алаңында «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің мақта иірімжібі мен джинсы мата шығаратын заманауи фабрикасы салынып жатыр», – делінген Түркістан облысы әкімдігінің хабарламасында.
Түркістан облысының әкімдігі кәсіпорынға қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, өндіріс нысанын электр энергиясымен, газбен, сумен және басқа да инженерлік желілермен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс барысын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек ауданы 290 га болатын TURAN арнайы экономикалық аймағының қосалқы аймағына барып, Hygeia Textile Kazakhstan өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жобаны инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді, туындаған мәселелерді инвестормен бірлесіп уақтылы шешуді және әр бағыт бойынша нақты жұмыс кестесінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар инвесторларға өндірістік ғимараттардың құрылысын сапалы және бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды, қажет болған жағдайда құрылыс алаңындағы жұмысшылар мен техника санын көбейтуді және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Мақта иірімжібі мен джинсы мата өндіру жобасының жалпы құны 25,8 млрд теңге. Кәсіпорынның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Толық қуатқа шыққанда жоба шамамен 1000 жұмыс орнын ашады.
Жобадағы құрылыс жұмыстарын Түркістанда тіркелген Qaz Build Elements компаниясы жүргізіп жатыр. Оның жалғыз иесі әрі басшысы – Даунь Хонгцянь. Осылайша, ірі нысанның құрылысында қытайлыққа тиесілі компания жұмыс істеп, табыс табады.
Әкімдік дерегінше, нысандағы жатақхана мен кеңсе ғимараттарының құрылысы аяқталуға жақын. Екі өндірістік корпуста жер қазу жұмыстары, іргетас құю, бетондау және металл конструкцияларды монтаждау аяқталды. Құрылысқа төрт техника мен 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған. Кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да аяқталуға жақын.
Hygeia Textile Kazakhstan жобасы мақта шикізатын терең өңдеуді қамтамасыз етіп, дайын өнім көлемін арттырады. Hygeia Textile Kazakhstan басшысы – Жин Еуйи, қос иесі: Жин Еуйи (ол қазақстандық компанияның қос иесі 2026 жылғы 14 шілдеде атанды) және қытайлық Hong Kong Chang Sheng Textile Limited (қазақстандық компания тіркелген 2025 жылғы 4 шілдеден бастап оның құрылтайшысы).


