Аралас жекпе-жек (ММА) шебері, британдық Том Аспиналл UFC-дің ауыр салмақтағы белдігінен бас тартқанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
33 жастағы спортшы 2025 жылы америкалық Джон Джонс мансабын аяқтаған соң ауыр салмақтағы (120,2 кг-ға дейін) толыққанды чемпион атанды. Бұған дейін Аспиналл уақытша белдікті иеленген еді.
Британиялық спортшы толыққанды титулды алғаш рет 2025 жылдың қазанында қорғады. Француз Сирил Ганмен жекпе-жек өтпей қалды: көзіне саусақ тиген соң Аспиналл жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Содан бері ол емделуден өтті, алайда қалпына келу ұзаққа созылды. Денсаулығына байланысты белдікті бос қалдырды.
«Көз мәселесінің жалғасуына байланысты жекпе-жекке қатысуға медициналық рұқсат ала алмаймын. Бірнеше ота жасалып, инфекция да болды, бірақ қайту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым», — деді Аспиналл.
Ол бұған дейін жекпе-жек күнін келіскенін, алайда қыркүйекте спаррингте көзін қайта жарақаттағанын атап өтті. Енді спортшы октагонға қашан оралатынын білмейді.
«Енді мен ауыр салмақтағы титулдан бас тартуға шешім қабылдадым. UFC-ден осы мәлімдеме жасауға рұқсат сұрадым, өйткені дивизионды тежегім келмейді. Мансаптың тоқтап қалуы қандай болатынын білемін және басқа да спортшылардың титул үшін сынға түсуін қалаймын», — деп жазды Аспиналл.
Спортшы октагонға тезірек оралу үстінде жұмысын жалғастырып жатқанын айтып, «осынау қорқынышты кезеңде» қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс білдірді.
Осылайша, UFC-дің ауыр салмақтағы толыққанды чемпионы Ган болады. Француз уақытша белдікті маусымда бразилиялық Алекс Перейраны нокаутқа түсіріп жеңіп алған еді.


