Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық бастамасының жүзеге асырылу барысы туралы бейінді мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы кешенді көгалдандыру және абаттандыру туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін саябақтар, скверлер мен бульварларды қоса алғанда, 170-тен астам аула мен қоғамдық аймақты жайластыру жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Есіл өзенінің бойында бірыңғай қоғамдық және рекреациялық кеңістіктер жүйесін қалыптастыру барысы туралы мәлімет берілді. Бұл жұмыстар аясында қаланың әртүрлі бөліктеріндегі саябақтарды, серуендеу және спорт алаңдарын біріктіретін үздіксіз жасыл маршрут құру жоспарлануда.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Таза Қазақстан» бастамасы іске асырылған жылдар ішінде бүкіл ел бойынша 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілгенін баяндады. Осы іс-шаралар аясында 3,8 млн тоннадан астам қалдық жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс үйіндісі жойылды.

Еске салайық, бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен экоактивистермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш отырғызуға қатысты.