Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен БРИКС саммиті аясында Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрін БРИКС саммитінің сәтті өтуімен құттықтап, ауқымды халықаралық шараның мінсіз ұйымдастырылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның әлемдік экономикадағы жетекші орнын, ғылыми-техникалық саладағы көрнекті жетістіктерін және халықаралық аренадағы жоғары беделін айтты.
«Сіздің дана әрі мықты басшылығыңызбен ел прогресс пен тұрақты даму жолында сенімді түрде алға жылжуда», — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ-үнді қатынастары кең ауқымды бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанда үнді капиталы қатысқан 600-ге жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы елімізге Үндістанның 150 мыңға жуық азаматы келді. Қазақстанда үнді студенттерінің едәуір бөлігі білім алуда. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясында жемісті ынтымақтасып келеміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Нарендра Моди мемлекет басшысына БРИКС саммитіне қатысқаны үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентінің жігерлендіретін және өзекті бастамаларға толы сөз сөйлегенін атап өтті.
Үндістан премьер-министрі Қазақстанмен достық және сенімді қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін атап өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселелерді, оның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Нарендра Модидің айтуынша, Қазақстан мен Үндістан жоғары технологиялар мен креативті индустриялар саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Осыған байланысты Астананың (Astana Hub) және Хайдарабадтың (Cyberabad) технологиялық экожүйелері арасындағы өзара іс-қимыл өте перспективалы болып көрінеді.
Үндістан премьер-министрі Қазақстан өкілдерін, әсіресе жастарды, келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустриялар саммитіне қатысуға шақырды.
Кездесу барысында көшбасшылар Үндістан мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін де қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде ЕАЭО мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөз процесін қолдайтынын және оны ілгерілетуге дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.


