Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі Дүниежүзілік конференция аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық көшбасшы Камбоджаға ресми сапармен баруға шақыру алды. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Камбоджамен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, бұл серіктестік берік достық пен өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң серпін алуына зор әлеует бар екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы тауар айналымын арттырудың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, туризм, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистиканы атады. Қазақстан астық, тыңайтқыштар және басқа да аграрлық өнімдерді жеткізуді ұлғайтуға дайын.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 24 көшбасшының қатарына кіретін Қазақстан озық технологиялар саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет өз елінің Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады. Ол үкіметтер мен іскер топтар арасындағы байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптардың жаһандық және аймақтық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылы туралы пікір алмасылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджаға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) қызметін қолдағаны үшін алғыс білдіріп, премьер-министрге Астананың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы айтып берді.
Кездесудің соңында Хун Манет Қазақстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Камбоджаға баруға шақырды.


