Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өтіп жатқан БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақорданың мәліметінше, әңгіме басында Серджио Гор Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған жеке құттықтауын жеткізді.

«Құрметті мырза Президент! Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мерекесі қарсаңында осы айтулы оқиғаға орай Сізге ең жақсы тілектерімді жолдаймын. Астанада және елдің түкпір-түкпірінде миллиондаған қазақстандық 1991 жылы республика Тәуелсіздік жариялағаннан бері ұқыпты сақталып, байытылып келе жатқан бай мәдениетті, тарихи мұраны және бірегей сұлулықты мақтанышпен атап өтеді. Мен елдеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті жоғары бағалаймын және менің екі президенттік мерзімімде Сіз бен менің арамызда қалыптасқан тамаша қарым-қатынастың одан әрі дамуына сенім артамын. Қазақстан халқы Сіздің тұлғаңызда күшті әрі шешім қабылдай алатын көшбасшыға ие болу бақытына ие. Осы маңызды белесті атап өтуге қосылу мен үшін үлкен құрмет», — делінген Дональд Трамптың құттықтауында.

Мемлекет басшысы АҚШ президентіне жылы лебізі үшін алғыс айтып, американдық көшбасшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген қазақ-америкалық стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың ерекше маңыздылығын атап көрсетті.

«Қазір мен Майамидегі G20 саммитіне қатысуға дайындалып жатырмын. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаудың да жақсы мүмкіндігі болады деп ойлаймын. Біз өзара ынтымақтастығымызды ілгерілету үшін әдемі сөздерді емес, нақты істер мен практикалық қадамдарды қалаймыз», — деді Қазақстан Президенті.

Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары арасындағы тығыз әрі сенімді байланыстардың арқасында екіжақты қатынастар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.

«Бүгінде елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара іс-қимыл қарқынды дамып келеді. Біздің Президент Қазақстанмен және Орталық Азиямен әріптестікті нығайтуға үлкен көңіл бөледі», — деді арнайы өкіл.

Кездесу барысында жасанды интеллект пен цифрландыру сияқты басым салаларға баса назар аудара отырып, бірлескен жұмыстың бірқатар маңызды бағыттары қарастырылды.

Әңгіме соңында тараптар көпқырлы әріптестікті одан әрі кеңейтуге және өзара тиімді ынтымақтастыққа қосымша серпін беруге ұмтылатынын растады.