Техас жоғарғы соты суррогат ана Маккенна Уэст босанған бір айлық нәрестенің Лос-Анджелеске жеткізілуіне рұқсат берді. Бұл шешім бейсенбі күні шықты. Ал Калифорния соты биологиялық ата-ананың қамқорлық құқығын танығанына бірнеше апта болған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Медициналық тұрғыдан осал баланың өмірін сақтап қалу — уақыт талап ететін бұл мәселедегі ең басты мүдде», — делінген соттың бейсенбідегі қаулысында. Онда нәрестенің сирек кездесетін ауыр жүрек ақауы атап өтілген. Уэст биологиялық ата-ананың баланы Техастан алып кетуіне және жұбайлар тұратын Лос-Анджелестегі ауруханаға апаруына кедергі жасамақ болған.
Сот нәрестенің Техастағы дәрігерінің куәлігіне сілтеме жасады. Дәрігер жансақтау бөлімінен жансақтау бөліміне ауыстыруға берілетін уақыттың қысқа екенін және «дәл қазір қолайлы» екенін айтқан.
Уэстің адвокаттары бейсенбідегі шешім туралы пікір сұраған хабарламаға бірден жауап бермеді.
Биологиялық ата-анасы Руми деп атаған нәрестеде гипопластикалық сол жақ жүрек синдромы бар. Бұл қан ағымын тежейтін және күрделі ота жасауды қажет ететін дерт. Емделмесе, ақау өлімге әкелуі мүмкін.
Ақау нәресте ұрық кезінде анықталған. Содан кейін Калифорниядағы жұбайлар Наушин Гилкар мен Омар Ахмед Уэстен жүктілікті үзуін сұраған. Аляскада тұратын Уэст баланы босану үшін түсік жасауға тыйым салынған Техасқа барған.
Уэст пен оның заңгерлер тобы жұбайлар оны мәжбүрлеп түсік жасатуға тырысқанын алға тартады. Ал Гилкар мен Ахмедтің адвокаттары Уэст әуелде түсікке келіскенін, кейін қамқорлық үшін сот дауын тұтқиылдан бастағанын айтады.
Бұл іс түсік жасату мен ата-ана құқығы жөнінде, әсіресе консервативті медиа кеңістікте, үлкен пікірталас тудырды.
Техас штатының бас прокуроры Кен Пакстон даудың елдік деңгейдегі беделін көтерді. Ол нәресте босанғаннан кейін медициналық көмек алуын қамтамасыз ету үшін іске араласқан.
Уэст АҚШ жоғарғы сотына шағымданған. Онда Гилкар мен Ахмед нәрестені жүрек ақауын емдеуді жалғастырмай, паллиативтік көмек көрсететін хосписке жатқызатынын меңзеді.
Сот құжаттарына қарағанда, Уэст нәрестенің медициналық жағдайы туралы хабардар болуды және «өз құқықтарын қорғауды» көздеген.
«Әдетте, MW Техас заңы бойынша оны босанғаны үшін [нәрестенің] анасы деп танылар еді. Бірақ Калифорнияның заңсыз шешімінің салдарынан ол Техастағы істен алдын ала қорытындымен шығарылып, ешқандай ақпараттан қағылды», — деп жазды Уэстің адвокаттары сот құжатында, оның аты-жөнінің бас әріптерін қолданып.
Жұбайлардың адвокаттары сот құжатында хоспис туралы тұжырымда «ешқандай шындық жоқ» деп жауап берді. Олар сот Уэстің жағында болса, бала үшін медициналық шешім қабылдауға және келісім беруге кімнің құқығы бар екені туралы былық туатынын алға тартты.
Гилкар тамызда Далластағы сотқа Румидің «ең әдемі жан» екенін айтқан.
«Ол — өміріміздің махаббаты. Ол қатты азап шегіп жатыр», — деді ол.


